«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде 2024-2027 жылдар аралығында Қарасай ауданындағы 13 елдімекеннің тұрғындары сымды және сымсыз интернетке тегін қосыла алады.
Аталған жоба аясында толыққанды ақпарат беру үшін Алматы облысы технологиялар басқармасының байланыс және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бөлімінің басшысы Айгүл Бекетова арнайы келіпті.
Оның айтуынша, 2024 жылы Көктөбе ауылы спутниктік технологиялар негізделген интернетпен қамтамасыз етіледі. Ал, талшықты-оптикалық байланыс желілері 2024 жылы Құмарал, Қаратөбе, Жалпақсай, 2025 жылы Сауыншы (Әйтей а.о) , 71-разъезд, Сауыншы (Бірінші Май а.о.), 2026 жылы Қайрат, Құмтоған, 2027 жылы Көктөбе, Жыңғылды, Құрқұдық, Айқым сынды ауылдардың халқы үшін қолжетімді болмақ. Айгүл Жұманқызының берген мәліметіне сүйенсек, аталған елдімекендерге орнатылған интернет желісінің жылдамдығы 500 мб/сек құраса, оған қосылу тұрғындар үшін тегін болмақ. Тек айына абоненттік төлем жасайды, оның құны әлі де анықталу үстінде.
Жиналысқа арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев, қала және округ әкімдері, экономика және қаржы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы, білім бөлімдерінің мамандары өз салалары мен ауылдарындағы интернет желісіне қосу мен жылдамдығына қатысты сұрақтарын қойды. Өзекті сауалдарға Айгүл Жұманқызымен қатар, аудандағы негізгі интернет бойынша қызмет көрсетуші мекеме «Қазақтелеком» АҚ болғандықтан, филиалдың Алматы облысы бойынша сату бөлімінің басшсы Нұрлан Боранбаев та жауап берді.