Қарасай жері өндірісі өркендеген аудандардың бірі. Оның ілгерілеуіне әйелдер қауымының үлесі зор. Аймақтағы орта және шағын бизнестің 70 пайызы әйелдерге тиесілі.
«Атамекен» ҰКП Қарасай аудандық филиалының жанынан құрылған іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен шарада алдымен көпшілік әр округтен келген ісмер келіншектердің көрмесімен танысып, іскер әйелдер жайлы бейнеролик көрді.
Кәсіпкер әйелдерді қолдау және дамытуды мақсат еткен форумға арнайы қатысқан аудан әкімі Жасұлан Естенов, аймақтағы бірқатар бизнес өкілдерін өз атынан марапаттады.
Форумда әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының вице-президенті, «Атамекен» ҰКП жанындағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кіші комитеттің төрағасы Әйгерім Жаналиева, Алматы облысы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ляззат Ботабекова, Алматы облысы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Бекеев, Алматы облысы ҚАНО филиалының басшысы Алмагүл Батырханова түрлі тақырып аясында әйелдер қауымымен қажетті ақпараттармен бөлісті.