Олардың айтуынша, газға қосылу бағасы 1 млн. теңгеге өссе, 1 текше метр көгілдір отын 29,5 теңгеден 34,7 теңгеге көтерілген. Жергілікті әкімдік өкілдері халықпен 3-4 кездесу өткізгенімен еш нәтиже болмаған. Өз шағымын айтқан жұрт газ тасымалдаушы «Сигма газ» компаниясының жұмысын тоқтатуды сұрады.
Өз кезегінде өңір басшысы бұл мәселеден хабардар екенін жеткізді.
«Сіздер көтерген мәселе бойынша монополияға қарсы комитеттің тексеруі ұйымдастырылды. Нәтижесінде қызметтер тарифін бекітуге өтінім бермеу, тауарлық газдың сату бағасын белгілеу тәртібін сақтамау бойынша бұзушылықтар анықталып, айыппұл салынды. Бүгінде газ шаруашылықтарымен абоненттерді қосу бағасын 350 мың. теңгеге дейін төмендету туралы меморандумдарға қол қою арқылы келіссөздер жүргізіліп жатыр», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар облыс әкімі бұл түйіткіл түйінін «Сигма газ» тарқата алмаса, әкімдік басқа компания іздеуі керек екенін айтты.
Ал облыстық монополияға қарсы департамент мамандары ертең Шамалғанда газ мәселесіне байланысты қоғамдық тыңдалым өтетінін жеткізді.