Біріншісі «Алтын Таға» ЖШС-не тиесілі, Жібек жолы ауылында салынып жатыр. Марат Елеусізұлы зауыт ғимараттарын аралап, жалпы саны 19 ғимараттан тұратын бұл ірі өндірістік кешен жобасының ерекшеліктерімен танысты. Оның құны 32 миллиард теңгені құрайды. Мұның барлығы жеке инвестициялар. Мұнда жылына 14 мың тоннаға дейін дайын өнім шығарылатын болады, сондай-ақ 1200 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Осы алаңда тағы бір кәсіпорын – «КТ&G» ЖШС жобасы таныстырылды, бұл кәсіпорын Елтай ауылдық округіне қарасты Көкөзек ауылында салынатын болады. Бұл жерде электронды темекі шығарылады. Жобаның құны 200 миллион долларды құрайды. Өндіріс қуаты жылына 108 млн дайын өнім шығаруға жеткілікті. 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Инвесторлардың өкілі – кәсіпорын директоры Ким Нам Хванды тыңдаған облыс әкімі конкурстық рәсімдерді созбауды тапсырды.
Сондай-ақ облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапары барысында мектеп құрылысына қатысты жобаларға ерекше назар аударды. Атап айтқанда, екі тұрғын үй кешенінің аумағында мектеп салынбақ.
Мәселен, Іргелі ауылдық округіне қарасты «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде 2000 орындық орта мектеп салынып жатыр. Тапсырыс беруші — «Адвенто» ЖШС. Жобаның сметалық құны – 5 миллиард 300 миллион теңге. Құрылыс 2021 жылдың 1 сәуірінде басталды. Алып жатқан аумақ 6,5 гектарды құрайды. Мұнда балабақша мен педагогтарға үй салу да қажет болғандықтан, облыс әкімі жоғарыда аталған серіктестік басшылығына стадионды қайта құруды ойластыруды тапсырды.