Бұл мемлекеттік мекеме аталған елдімекендегі М.Ломоносов атындағы орта мектептің ескі ғимараты болған. 2017 жылы ауылға жаңа орта мектеп салынған соң, тозығы жеткен нысан жекеменшікке өткен. Алайда, биыл аудан әкімінің ықпалымен мемлекеттің иелегіне қайтарылып, аудандық білім бөлімінің балансына берілді. Тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Алматы облысы әкімінің қаулысымен бүгінгі таңда Шалқар ауылының өнер мектебі ретінде ел игілігіне берілді.
Ғимараттың салтанатты түрде ашылуына аудан әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысып, ата-аналарға, оқушыларға ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ аудан басшысы игі шараға құр қол келмегенін айтып, Қарасай аудандық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Айнабеков екеуі өнер ордасының ұжымына жаңа компьютерді сыйға тартты.
Шалқар ауылдық өнер мектебі 350 оқушыға арналған. Мұндағы жас өнерпаздар қабілеттерін 17 бағытта шыңдай алады. Атап айтқанда, фортепиано, домбыра, шаңқобыз, қолөнер, актерлік шеберлік сияқты өнердің түр-түрін үйренулеріне мүмкіндіктері бар. Мекеменің штатында 65 мұғалім жұмыс істейді. Қазір 38-і жасақталды.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл өнер мектебінде Шалқар ауылының оқушылар ғана емес, жақын маңда орналасқан басқа елдімекеннің балалары да білім ала алады.