«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы таратқан мәліметке сай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды және Абай облыстарында боранға байланысты республикалық маңызы бар жолдардың учаскелерінде көлік қозғалысы шектелген.
Атап айтқанда бүгін кешкі 18.30-дан бастап Абай облысында «Алматы-Өскемен» тасжолының Жетісу облысының шекарасынан Аягөз қаласына дейінгі аралығы, Аягөзден Қалбатау ауылына дейінгі, Қалбатаудан ШҚО шекарасына дейінгі учаскесі жабылды.
Сондай-ақ «Таскескен-Бақты» жолының 0-184 шақырым аралығы жабық.
Жетісу облысында «Алматы-Өскемен» жолының Үшарал қаласынан Абай облысы шекарасына дейінгі аралығында көлік қозғалысына тыйым салынған.
Одан бөлек Шығыс Қазақстан облысында «Алматы-Өскемен» автожолының Абай облысы шекарасынан Қасым Қайсенов ауылына дейінгі аралығы жабылған.
«Өскемен-Шемонаиха-Ресей шекарасы» жолының 105-123 шақырым аралығында да қозғалысқа шектеу қойылды.
Бұл — Шемонаиха қаласынан Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі учаске.
Сонымен қатар сағат 19.00-ден бастап Қарағанды облысындағы «Қарағанды-Балқаш» тасжолында жүк және қоғамдық көлік қозғалысына шектеу енгізілді
Айта кетейік, қазір жолдарда 60 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Қажет болған жағдайда техника санын арттыру көзделіп отыр.
Жолшылар күшейтілген жұмыс режиміне көшкен.
Естеріңізге сала кетейік, республикалық жолда штаттан тыс жағдай туындаса, көлік иелері 1403 нөмірі бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталыққа хабарласа алады.