Бұл туралы Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының мамандары мәлім етті. Олардың айтуынша, шабақтардың қырылуының негізгі үш себебі бар:
- табиғи фактор (оттегі жетіспеуі не түрлі аурулар);
- көлдің аумағында орналасқан шаруашылықтардың суды ластауы;
- моторлы қайық немесе кез келген басқа су көліктерінің механикалық әсері.
Қазіргі таңда Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының зертханасында су сынамаларына жүргізілген гидрохимиялық талдау нәтижесі белгілі болды. Анықталғанындай, көл суы тіршілік үшін қауіпті емес.
Ал «Қазгидромет» республикалық-мемлекеттік кәсіпорынының (РМК) 44 физико-химиялық көрсеткіштер бойынша жүргізген зерттеуі су құрамынан фосфор, фосфат және темірдің жоғары концентрациясын көрсетті. Алайда шамадан тыс қауіпті элементтер анықталмағандықтан, бұл факт шабақтардың өліміне себеп бола алмайды.
Сонымен қатар Төтенше жағдай департаментінің сүңгуірлері ластанудың бастапқы көзін табу үшін тексеру ұйымдастырды. Дегенмен ешқандай күдікті дерек тіркелмеді.
Талдаулар нәтижесі көрсеткендей, шабақтардың өлімі улы заттардың бөлінуіне байланысты емес. Себебі шабақтан басқа балық түріне еш зиян келмеген.
«Қазгидромет» РМК-ның ақпаратына қарағанда, 30 қазанға қараған түні сағат 5.50-ден 6.30-ға дейін 18-20 м/сек жылдамдықта боран соққан. Салдарынан толқын көтеріліп, шабақтардың тығыздығы артқан (қалыпты жағдайда 1 м кубқа 544 шабақ, бұл түні 1500-ға жеткен). Сәйкесінше оттегі жетіспеген шабақтар жел күшінен қорғана алмай, жағаға шыққан. Шабақтар – топтасып алып жағаға жақын тіршілік ететін балық түрі», — дейді инспекция мамандары.
Жоғарыда аталған барлық деректер қосымша лабораториялық зерттеу қорытындысы белгілі болғанда расталып, я теріске шығады. Бұл әзірше болжам ғана.
Бұған дейін мыңдаған өлі балықтардың су бетіне шыққанын, мемлекетке 750 мың тг шығын келгенін жазғанбыз.