«Бүгінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен отбасыларға 1,1 млрд теңге сомасында материалдық көмек төледі», — делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Ұсынылған мәліметке сәйкес, қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам, оның ішінде 219 бейбіт тұрғын, құқық қорғау органдарының 19 қызметкері мерт болды. 16 медицина қызметкері, өрт сөндіру қызметінің 34, құтқару қызметінің 8 маманы дене жарақатын алды.
«Азаматтар өлімінің және дене жарақатын алуының әрбір фактісі қылмыстық істің тергеу нысаны саналады. Жалпы, сотқа 673 қылмыстық іс жіберілді. Олар бойынша 1 222 тұлға сотталды, оның ішінде 160 тұлға бас бостандығынан айырылды», — деп атап өтті Бас прокуратура.
Сондай-ақ қаңтар оқиғасына қатысқан 1 089 адамның рақымшылыққа іліккені айтылды.
«Осы жылдың 3 қарашасында Қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға қатысты «Рақымшылық туралы» ҚР Заңының ережелері күшіне енді. Қазіргі уақытта рақымшылық 1 089 тұлғаға қатысты қолданылды. Оның ішінде орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған 8 күдіктіге қатысты қылмыстық қудалау тергеу сатысында тұр. Соттар 9 тұлғаға қатысты қылмыстық істі тоқтатып, 981 сотталушының жаза мерзімін қысқартты. Заң қолданысқа енген сәттен бері түрмеден рақымшылық актісін қолдану арқылы 31 тұлға босап шықты», — деді Бас прокуратура.