Қала аумағында ірі инвестициялық жобаларды орналастыру жоспарланып, олардың жүзеге асырылуы үшін қажетті инженерлік инфрақұрылым мен қорғаныс аймақтары ескеріліп, алдын ала келісімдер жасалған. Сонымен қатар, қаланың аумақтық дамуына байланысты санитарлық аймақтар, өндірістік алаңдарды тиімді пайдалану және қоршаған ортаға әсер ету мәселелері қайта қаралуда.
Осыған орай, Вице-премьер Қанат Бозымбаев бизнес өкілдерімен және жобалау институттарымен кездесіп, қаланың Бас жоспарына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды тыңдады.
«Жаңа Алатау – қауіпсіз, ыңғайлы, технологиялық тұрғыда дамыған және экологиялық таза қала болуы тиіс. Бұл қала заманауи урбанистиканың үздік үлгісіне айнала алады. Сондықтан біз халықаралық стандарттарға сай, инновациялық шешімдерге негізделген қала құрылысына басымдық беруіміз керек. Бір ай ішінде инвесторлармен жасалған келісімдерге сәйкес, қала аумағында инвестициялық жобаларды орналастыру мәселелерін қайта қарауды тапсырдым. Барлық тиісті министрліктер процесті жеделдетіп, мамыр айына дейін бас жоспарға тиісті өзгерістер енгізуі қажет.» – деді Қанат Бозымбаев.
Кездесуден кейін Алатауда Жобалық кеңсенің отырысы өтті. Оған ұлттық экономика, әділет, ауыл шаруашылығы, көлік, құрылыс және инфрақұрылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері қатысты. Қатысушылар EPC шарттары және құрылысқа қаржыландыру құралдарын қолдану механизмдерін енгізу жұмыстары жөнінде есеп берді.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тиімді пайдаланылуы және әуе таксиі үшін эксперименттік орта мен арнайы алаңдарды белгілеу мәселелері талқыланды.
Қаланы тартымды ету және кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында Алатау қаласының мамандарына арналған ипотекалық кредит беру лимитін ұлғайту ұсынылды.
Еске сала кетейік, 2024 жылдан бастап Алматы облысының әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ бірлесіп, 35 жасқа дейінгі жастарға арналған «Алматы Жастары» жеңілдетілген ипотекалық кредит беру бағдарламасын іске қосты.
Бұл бағдарлама аясында өткен жылы жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, тағы 500 млн теңге «Отбасы банкі» тарапынан қаржыландырылды. Нәтижесінде 55 жас отбасы баспаналы болды, ал қазіргі уақытта 38 үміткер өз пәтерлерінің кілтін алды.
Өткен Жобалық кеңестің қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев мемлекеттік органдарға жұмысты жеделдетуді тапсырды. Ол министрліктер мен әкімдіктердің жауапты тұлғаларына өз міндеттерін уақтылы орындау қажеттігін ескертті және белгіленген мерзімдерге сәйкес жобалардың іске асырылуын қатаң бақылауда ұстайтынын атап өтті.