«Бүгінде Үлкен Алматы каналының жағдайы сын көтермейді. Қазір бұл канал 60 мың гектар жерге су жеткізеді. Бірақ, іске қосылғаннан бері оған бір де бір күрделі жөндеу жүргізілмеген. Әкімдік Үкіметпен бірлесіп, бұл жұмысты шұғыл қолға алуға тиіс», — деді өңірдің иррегация проблемасына тоқталып өткен Мемлекет басшысы.
ҚР Президентінің ақпаратына сүйенсек, су тапшылығы болғандықтан, Сорбұлақтың тазартылған суын пайдалану мәселесі өзекті болып отыр. Қазір Сорбұлақтың суымен 2,7 мың гектар егіс алқабы суарылады. Бұл су қоймасын шамадан тыс толып кетуден сақтайды. Әйтпесе, экологиялық апатқа тап болуымыз мүмкін.
«Алайда, мұның бәрі әлі күнге дейін реттелмеген. Сондықтан, қалдық суды тазартып, кәдеге жаратудың ережесін әзірлеуді тапсырамын. Сонда суармалы жердің аумағын кеңейтуге мүмкіндік туады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.