Жиынға Алматы облысы ішкі саясат басқармасы мамандары, аудан, ауыл жастары қатысты.
Маңызды шара барысында әдебиет, мәдениет, жастар арасындағы келелі мәселелер талқыланды. Сондай-ақ Мәлік Отарбаев Президенттің жұмыс кестесі жайлы сөз қозғап, жастардың сұрағына жауап берді.
«Президент кеңесшісі болғаннан кейін көбіне ол кісіге қолжазба, қызметтік хат жазып отырамын. Себебі Мемлекет басшысының күніге қолы бос бола бермейді. Дегенмен, күніне 40-50 хат оқиды. Оның ішінде, шағымдар, арыздар секілді кез келген хат болуы мүмкін. Яғни, толассыз ақпарат жеткізіліп отырады. Әрине, ол кісі әлеуметтік желіні өте белсенді қолданады. Газеттің бірде-біреуін қалдырмай оқиды, оған да уақыт бөледі», — деді Қасым-Жомарт Тоқаевпен байланысу амалымен бөліскен Мәлік Отарбаев.
Президент кеңесшісінің айтуынша, Мемлекет басшысы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын енгізу арқылы келелі мәселелердің шешімін таба білді.
«Биылға дейін Қапшағай қаласына Д. Қонаев есімін беру туралы көптеген ұсыныстар түсті. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еститін мемлекет» қағидатын ұстанғандықтан, халық өтінішін бірден қабыл алып, қала атауын өзгертті», — деді Президент кеңесшісі.
Ал осы шараға қатысу үшін Райымбек ауданынан арнайы келген Медет Байжұма болса басқосудың жастарға пайдасы зор болғанын айтты.
«Қазіргі жастар қандай бағытта жұмыс жасауы керек, дұрыс емес бағытта қандай жүйелер пайда болды, жалпы түйіткілдер бойынша көпті көрген, көңіліне тоқыған адамның кеңесін алу – баршамызға керек-ақ. Жиынның өзі кітапхананың ішінде болғаннан кейін «руханияттың қасиетті шаңырағының ішінде ұрандатып кетпесек екен, жасанды дүние болып кетпесе екен»,- деп келіп едік, олай болмады. Басқосу көңілімізден шықты», — деді Баққожа Мұқай атындағы Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Медет Байжұма.
Шара соңында Президент кеңесшісі жастармен естелік суретке түсті.
Айта кетейік, Мәлік Отарбаев 1980 жылдың 2 ақпанында Жамбыл облысы Байзақ ауданының (бұрыңғы Свердлов) Ақжар ауылында дүниеге келген.