Аталған жиынға батырдың ұрпақтары,тарихшылар, географтар, жергілікті өлкетанушылар қатысты.
«Бұл басқосу бізге аңыз болып жеткен Өтеген батыр бабамыздың ел қорғау жолындағы ерлігін өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ Қапшағай су қоймасының аралында орналасқан кесенені Қазақстанның жергілікті маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгізу мәселесі туралы айтқым келеді», — деді облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығының директоры Ғалымжан Оспанов.
Оның айтуынша, бұл кесенені қасиетті нысандар қатарына қосып қана қоймай, аймақтағы туристік жердің біріне айналдыруымыз қажет. Себебі, қазір Қонаев қаласының туризм саласын дамыту да облыстың маңызды бағыты саналады.
«Біздің бабамыз 1699 жылы дүниеге келіп, 1773 жылы Іленің бойындағы Шолақтау етегінде көз жұмды. Өтеген батыр 15 жасында Жоңғарларға қарсы соғысқа араласады. Райымбек, Хангелді сияқты батырлармен тізе қосып жоңғарлармен айқасқан. Дәл осы Іле бойындағы қалмаққа қарсы жасақ әскерлеріне қосылып, елін жаудан азат еткен. Өтеген батыр әрі қолбасшы әрі жихангер», — деді Өтеген батырдың 7-ші ұрпағы Жеңіс Смайыл.