Жиын барысында қаладағы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жайлы сөз етілді. Оның ішінде, өңір басшысы мал шаруашылығына ерекше ден қойып, қала әкіміне істен шығып қалған өндіріс ошақтарын іске қосуды тапсырды.
«Қалада қазіргі уақытта 60 басқа арналған бір ғана бордақылау алаңы және 200 басқа арналған сүт-тауар фермасы бар екенін, олардың бос тұрғанын ерекше атап өткім келеді. Бұл бағытта қала әкімі өндіріс ошағының неліктен бос тұрғанын анықтап, оларды өндіріске тезірек іске қосу мәселесін мұқият талдауы қажет», — деді әкім.
Марат Сұлтанғазиевтің сөзінше, Қонаев қаласы объективті себептерге байланысты ірі қара мал, жылқы, қой мен ешкі, құс саны бойынша ең аз үлеске ие болып отыр. Мұнда ет өндірісі 13,3%-ға, сүт — 14,2%-ға ұлғайған. Ал тауық жұмыртқасының өндірісі 3,6 мың данаға төмендеп кеткен.
Сонымен қатар аймақ басшысы шаһарда 5,3 мың гектарға дәнді дақылдар егіліп, одан 15 мың тонна түсім түскенін, бұл көрсеткіш бойынша қала облыста 9-орында екенін айтты. Бұдан бөлек, көкөніс шаруашылығы бойынша Қонаев қаласы 5-орында.