Отанды қорғап, ел іргесіндегі тыныштықтың кепілі болған Қорғаныс күштеріне арналған шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Аймақ басшысы өр рухты сарбаздарды мерекемен құттықтады.
«Бұл күн – бейбіт елдің тыныштығын әуеде, құрлықта, теңізде қорғап, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып жүрген, Отанға деген шексіз мейірім-махаббаттың нышаны, туған жері мен өскен еліне қорған болатын жігерлі азаматтардың мерейлі мерекесі. Қадірлі Отан қорғаушылар, еліміздің тыныштығы мен болашағы сіздердің қолдарыңызда. Отанды қорғау – әрбір адамның қасиетті де азаматтық борышы», — деді өз сөзінде облыс әкімі.
Салтанатты шарада арнайы барлау жасағы қоян-қолтық ұрыстан демонстрациялық қойылымды көптің назарына ұсынды. Сонымен қатар, облыс әкімі Марат Елеусізұлына кіші әскери алаңда АКС-74, драгуновтың снайперлік винтовкасы, танкіге қарсы гранататқыш сынды қару-жарақтар мен киім нысанының үлгілері және «Хаммер», «БТР-60 КШМ» , «ГРАД 1», «АРЛАН» сынды әскери техникалар таныстырылды.
Шара барасында Марат Сұлтанғазиев «Аламан» жауынгерлік даярлықты, «Қаладағы жекпе-жек» атты арнайы операциясын және Әуе десант кешенінде десантшылардың тікұшақта орналасуы, парашютпен секіру сынды оқу-жаттығуларын тамашалады.