Басқосу барысында өңір басшысы депутаттардың Алматы облысын дамытудағы рөлі жайлы айтты.
«Алматы облысының 2030 жылға дейін даму стратегиясы қабылданды. Бұл жоба әр ауданның мамандануына басты назар аударыла отырып, аумақтарды теңгерімді дамыту арқылы кешенді түрде жүзеге асырылады. Жоба аясында жұмыс жасау кезінде тұрғындардың арасында түсініспеушілік туатыны сөзсіз. Мысалы, кей адамдар дәстүрлі шаруашылықтарын ары қарай дөңгелеткісі келеді. Бірақ ол қазіргі жағдайды ескергенде, мүмкін емес әрі қолайсыз екені анықталады. Ал депутаттар халық пен билік арасындағы көпір. Сондықтан жұртшылыққа түсіндірме жұмыстарын көптеп жүргізу қажет. Бюджетті қарау бөлек мәселе, халықпен тығыз қарым-қатынас орнату басқа мәселе», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ облыс әкімі жайылым жердің тапшылығы мәселесіне де ерекше тоқталып өтті.
«Алматы қаласының төңірегінде тұратын жұрт жайылым жер жетпейтініне жиі шағымданады. Қаскелең, Талғар, Алматы қалаларында халық саны тым көбейіп, жер көлемі ұлғайып кетті. Бұл жерлерде я сүтті-тауарлы ферма саласын дамытуға немесе мал бордақылау алаңын жасауға көшу керек. Мәселелердің осындай шешімін халыққа уақытында жеткізіп отыруымыз қажет. Осы тұста облыста мал жаюға қолайлы аумақ — шалғай аудандар екенін айтқым келеді. Өңірде жайылым жерді игерудің регламенттері де бар. Мұны да тұрғындарға түсіндіріп беруге тиіспіз», — деді облыс әкімі.
Сонымен қатар Марат Сұлтанғазиев Мемлекет басшысының Алматы облысына жасаған іссапарында айқындап берген мақсаттарға шолу жасап шықты.
Кейіннен депутаттар облыс әкіміне сұрақ қойып, тиісті жауаптарын алды. Бұдан бөлек, олар G4 city және Қонаев қаласының бас жоспарымен танысып, жобаның тиімділігін растайтындарын жеткізді.