Ол «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша жеңіске жетті.
Мұғалімдер отбасында дүниеге келген Антонина ұстаздық жолды таңдаған. Кейіннен мұғалім жігітке тұрмысқа шыққан. Қазір ол жолдасымен бірге екі баланы тәрбиелеп отыр.
«Ұстазы мықтының — ұстанымы мықты» — дейді маман. Ол ұлты кәріс болса да, сабақты қазақша жүргізеді. Мектепте де, университетте де қазақша білім алған.
«2014 жылы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін тәмамдап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Арна ауылындағы мектепке жұмысқа кірдім», — дейді Антонина Мықтыбаева.
Ұстаз осы қызметтегі мақсатын да айқындап алған.
«Біздің мақсат — тәрбиелі, білімді ұрпақ тәрбиелеу. 9 жылдан бері оқушылардың барлығымен тіл табысып, жұмыс жасап жатырмын. Мектеп түлектерін үнемі физика пәні бойынша ҰБТ-ға дайындаймын. Үмітімді ақтап, көбі грант иегері атанды. Өзімнің де жетістіктерім бар. Қонаев қаласы әкімінің марапатын алдым, «Жыл мұғалімі» байқауынан 2-орынды иелендім», — деді педагог.
Антонина Мықтыбаева биыл «Еңбек жолы» байқауында жеңіске жеткенін еңбекқорлықпен байланыстырады. Ол кез келген салада аянбай тер төккен адам биік белестерді бағындыратынына сенімді.
Кәріс қыз туралы әріптестері де жақсы пікірде. Жас болса да, бас болуға лайық — дейді ұстаздар қауымы.