Республика күні аясында Кеген ауылының 20 тұрғынына тұрғын үй кілті табысталды.
Қарашаның қуанышымен аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев бөлісіп, арнайы құттықтады.
«Бүгін көптен күткен қуаныш. Ауданымыздың азаматтары өз баспаналарына ие болып жатыр. Бұл тарихи сәт. Өңірдің өркендеуі үшін аянып қалмаймыз. Аймақ, халқымен қуатты. Сондықтан, елдің қамы үшін барлық игі істерді жүзеге асырып, мереке сайын аудан көлемінде жаңа нысандарды қолданысқа беретін боламыз», — деді аудан әкімі.
Бұл күні қуанышы еселенгендердің қатарында көпбалалы ана Перизат Ахметжанқызы да бар. Ол үй кезегінде 5 жыл тұрып, аңсаған арманына қол жеткізген жайы бар.
«Мен Кеген ауылының тұрғынымын. Осы уақытқа деген үй кезегінде болдым. Бүгін пана болар баспананың кілтін қолыма алып, төбем көкке жетіп тұр. Облыс басшылығы мен аудан әкімдігіне айтар алғысым шексіз. Жақсы күндеріміз көп болсын», — дейді Перизат Ахметжанқызы.
Жалпы, Кеген ауданында 527 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың басым бөлігі көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар болып табылады.
Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, алдыға қойған жоспарлар толығымен орындалса, үйге мұқтаж адамдар өз шаңырақтарына ие болады.