Бұл жолы ол №5 жағажайға барды. Мұнда балалар алаңы, шатыр астындағы кофетерий, воркаут алаңы, балаларға арналған бассейн, пирс, веложүргізушілер жолы салынады. Жағажай 60 метрге ұлғайтылды. Ол жерде бизнес нысандары орналасады.
«Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Өткенде біздің өкілдер Батумиға, Бакуға барып тәжірибе алмасып келді. Содан кейін жағажайдың жобасына өзгерістер енгізілді. Құрылыс жұмыстары шілде айының соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Ең бастысы – жағажай халыққа тегін қызмет көрсететін болады. Тұрғындардың демалуына ыңғайлы жағдай жасалады. Сонымен қатар нысан қысы-жазы қызмет етеді. Ал тамақтанатын орын жалға беріледі», – деді облыс әкімі.
Марат Сұлтанғазиев жағажайды салып жатқан мердігер компанияның сенімді екенін де айтты.
«Бұл компания былтыр да Қонаевта жұмыс жасаған, тәжірибелері мол. Техникалары да жеткілікті, 500-ге тарта қызметкерлері бар. Серіктестік біздің облыста тіркелген. Бізге өз кәсіпкерлерімізді қолдау керек. Бұдан бөлек, орындық тағы басқа құрал-жабдықтар шығаратын цехтары бар. Бізге осы тұсы тиімді болып тұр», – деді оң бағасын берген өңір басшысы.
Әкім барған келесі нысан – Сейфуллин көшесі. Жауапты мамандардың айтуынша, көшені қиып тұрған, қаланың кіреберісіндегі теміржолдағы көлік өткелінің жобасы қаралып жатыр. Осы аптада өткелдің қасында болуы керек ғимараттың құжаты дайын болады. Бұл көшені кеңейтіп, абаттандыруға 27 бірлік техника, 30-дан астам жұмысшы тартылған.
Сонымен қатар Марат Сұлтанғазиев №5 шағынаудандағы абаттандырылып, жаңартылып жатқан аулаға ат басын бұрды. Мұнда спорт, балалар алаңы, автотұрақ салынып, жарық бағаналары ауыстырылады. Қазіргі таңда аулаға асфальт төселіп жатыр. Ал тамырымен жойылған ағаштардың орынына белгіленген жерлерде 112 жасыл желек, түрлі көшеттер егіледі. Ауланы абаттандыру жұмысы 1,5-2 ай ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр. «Golden city» компаниясының жауабын тыңдаған облыс әкімі ағаштар мен көшеттерді суарудың тиімді жолын табуды тапсырды. Жалпы Қонаев қаласында биыл 38 аула абаттандырылады. Келісімшарт негізінде мердігер компания 2 жыл бойы аулаларды күтіп ұстауға тиіс.
Бұдан кейін әкім қала маңындағы №4 саяжайға барды. Қазіргі таңда бұл жерде 11 трансформатор, бірнеше жарық бағаналары қойылған.
«Біздің естуімізше, тұрғындар жарықтың жиі сөнетініне бірнеше рет шағымданған. Енді сәл шыдаса, жарық беріледі. Қазір «Алатау жарық компаниясымен» жарықты қандай жүйемен беретінімізді талқылап жатырмыз. Сосын тұрғындар белгіленген тариф бойынша ғана ақша төлейтін болады, олардың әрқайсымен келісімшарттар жасалады», – деді мердігер компанияның басшысы Александр Чарский.