Бұл басқосудың басты мақсаты – Оңтүстік Корея және Алматы облысы арасындағы өзара ынтымақтастықты жандандырып, ортақ жобаларды жүзеге асыру.
Ең алдымен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев шетелдіктерге өңірге жасаған сапары үшін алғыс айтты.
Ал Чолла-пукто аймағының халықаралық қатынастар амбассадоры Риу Чанг Со өңір кәсіпкерлерін қазанда өтетін көрмеге шақырды.
«Сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Алматы облысының табиғаты тамаша екен, тағамдары да өте дәмді. Кеше ғана Қонаевта біздің мәдениетіміздің біркүндігі өтті. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы, білім, өндірістік, экономикалық жобаларды бірге жүзеге асыруға дайынбыз. Қазан айында Кореяда тағамдардың көрмесі өтеді. Соған Алматы облысының кәсіпкерлері келіп қатысса деген ұсынысымыз бар. Қарашада экономикалық форум, желтоқсанда қазақ суретшілерінің көрмесі өтеді», — деді жаңа ақпараттармен бөліскен Риу Чанг Со.
Марат Сұлтанғазиев қарым-қатынастың мәдениет саласынан басталғанына оң бағасын берді.
«Чолла-пукто мен Алматы облысының ұқсастығы бар. Ол өңірлердің ауыл шаруашылығына мамандануында. Бізде де халықтың көбі ауылдарда тұрады. Чолла-пуктода ең таза, сапалы ас-тағамдар шығарылады, Сеулді тамақпен қамтамасыз етіп отыр, бизнес компаниялары осы провинцияда көптеп шоғырланған – деген ақпаратпен таныспыз. Туризм бойынша Сеулде өткен халықаралық көрмеге қатысқанбыз. Сосын бізбен бірге Оңтүстік Кореядан туристік агенттіктер келді. Алдағы уақытта да бірнеше жүздеген адамдар келеді деп жоспарланып отыр. Тағы да көрмеге шақырғандарыңызға рақмет. Егер бұл шараларды дұрыс қолдана білсек, біздің өңірден шыққан өнімдерді Оң. Кореяға экспорттауға, сіздің өнімдерді бізге импорттауға мүмкіндік ашылар», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Өңір басшысы болашақта екі ел арасындағы Меморандум басқа да келісімшарттар жасасуға септігін тигізетінін де атап өтті.
«Қонаев қаласы үлкейтіледі, Алматы мен облыс орталығы арасында 4 қала бой көтереді. Сол жердегі жобаларды бірлесіп жүзеге асырамыз деген ниеттеміз. Болашақта облыс аумағында медициналық нысандар көптеп салынады. Сол бағытта да жұмыс атқаруға болады», — деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек, ол кореялық жылыжай технологияларына, құрылыс материалдарын шығару саласына қызығушылық танытқанын айтты. Жиын соңында Марат Сұлтанғазиев шетел өкілдеріне бірлескен жобалар аясында мемлекеттік қолдау көрсетілетінін жеткізді.