Алматы облысы Қазақстан мен Орталық Азияда темекі өндірісінің орталығы саналады. Бүгінде облыстың жергілікті бюджетіне елеулі үлес қосып отырған да осы темекі фабрикалары. Бұл кәсіпорындардың әлеуеті қандай, алдағы мақсаттары мен бағыттары қайда бағытталған?
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев журналист Айбар Олжайға берген сұхбатында осы мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды alataunews.kz.
Әкімнің айтуынша, облыстағы ірі темекі фабрикалары аймақтың экономикалық өсуіне айтарлықтай үлес қосып келеді.
«Темекі өндірісінің арқасында жергілікті бюджетке салықтық түсімдер тұрақты түсіп отырады. Бүгінгі таңда облысымызда екі ірі темекі фабрикасы жұмыс істеп тұр: Филипп Моррис пен JTI. Үшінші фабрика Қарасай ауданында салынып жатыр, кореялық компания салған бұл зауыт келер жылдың ақпан айында іске қосылады деп жоспарлануда. Олардың басты мәселелерінің бірі – контрафактілік өнімдермен күрес. Үлкен кәсіпорындардың корпоративтік салығы республикалық бюджетке төленсе, акциз және жеке табыс салығы жергілікті бюджетке түседі. Егер тауардың өндірісі облыста жүрсе, акциздер жергілікті бюджетте қалады, ал импортталған өнімдерге акциз республикалық бюджетке төленеді», – деді М.Сұлтанғазиев.
Облыстағы ірі темекі өндірушілері өндіріс көлемін арттыруға дайын. Әкімнің сөзінше, егер мемлекет тарапынан қолдау болса, бұл компаниялар жергілікті өндірісті кеңейтуге ынталы.
«Бұл – халықаралық деңгейдегі компаниялар. Олар өз өндірістерін басқа елдерде де жүргізеді. Егер Алматы облысы инвестициялық жағынан тартымды болса, компаниялар өндірісті осында да кеңейтуге дайын. Бұл мәселе Парламент деңгейінде де талқылануда. Қазіргі уақытта Филипп Моррис қыздырылатын темекі жүйесіне көшу жобаларын қолға алуда, себебі әлемдік тренд осы бағытқа қарай бет алуда», – дейді өңір басшысы.