«Ауданда 14 демалыс орны жұмыс істейді. Былтыр мұнда көрсетілген туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі 1,3 есе өсіп, 124 млн. теңгені құрады. Алайда келушілер саны 5,9%-ға азайды», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ облыс әкімі «Түрген» ірі тау шаңғысы курортының жобасы уақытша тоқтағанына баса назар аударып, алға қойған жоспарлардың орындалуын қадағалауды тапсырды.
«Бұл жобаны іске асыру үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Құжатты дайындауға «Қазақ Туризм» АҚ және Азия Даму Банкі қаржы бөлді. Десе де, инвестордың болмауына байланысты жоба уақытша тоқтатылды. Жобаны одан әрі іске асыру үшін инвестор іздеу және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұстанымы қажет», — деді өңір басшысы.
Осыған байланысты Марат Сұлтанғазиев өзінің орынбасары Арслан Дандыбаевқа, тиісті басқармаларға аудан әкімімен бірлесіп биыл «Батан» шатқалында визит-орталықты іске қосуды тапсырды.
Бұдан бөлек, облыс басшысы бірнеше міндеттерді атап өтті. Олар:
- туристік нысандарда инженерлік, көлік инфрақұрылымын салу жөніндегі жобалардың іске асырылуын ерекше бақылауға алу;
- белгіленген мерзімде барлық нысандардың құрылысының аяқталуын қадағалау;
- көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдау.