Кездесу барысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев халықаралық аренада атой салып жүрген Назым Қызайбайдың жетістіктерін ерекше атап өтіп, оның қазақ спорты мен боксының дамуына қосқан зор үлесін жоғары бағалады.
«Назым Қызайбай – Қазақстан спортының жарқын жұлдызы. Оның қажырлы еңбегі мен ерік-жігері – жастар үшін үлкен үлгі. Біз өңірімізде бұқаралық спортты дамытуға және талантты спортшыларды қолдауға әрдайым дайынбыз», — деді өңір басшысы.
Назым Қызайбай — бокстан 2014 және 2016 жылдары әлем чемпионатында топ жарған спортшы. Ал 2025 жылы Сербияның Ниш қаласында өткен әлем біріншілігінде ресейлік Юлия Чумгалаковамен кездесіп, 48 келі салмақта айқын басымдықпен жеңіске жетіп, тарихта үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық боксшы атанды.
Бұған қоса, 2024 жылы Париж Олимпиадасында 50 келі салмақта қола жүлдені жеңіп алып, ел мерейін үстем етті. Сонымен қатар, Азия чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы және халықаралық жарыстардың жүлдегері.
«Мен үшін әрбір жеңіс — Қазақстанның абыройы. Алдағы уақытта да ел сенімін ақтау үшін бар күшімді саламын», — деді Назым Қызайбай.
Кездесу соңында облыс әкімі спортшыға шынайы алғысын білдіріп, алдағы жарыстарда жеңіс пен табыс тіледі.