Шарада облыс әкімі сөз алып, ақ халатты абзал жандарды мерекемен құттықтады.
«Сіздерді медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Кез келген мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі – ел азаматтарының денсаулығын сақтау, әл-ауқатын арттыру. Адамның ең басты байлығы – денсаулық! Аймақтағы медициналық мекемелерде 3 мыңға жуық дәрігер мен 9 мыңнан аса орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді, білімі мен тәжірибесін халықтың саулығын қорғауға бағыттаған баршаңызға зор ризашылығымызды білдіреміз», — деді облыс әкімі.
Өңір басшысы денсаулық сақтау саласына бөлінетін бюджет жылдан жылға артып жатқанын да айтты.
«Жылдан жылға осы салаға бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді. Биылғы жылы бұл көрсеткіш 9,6 млрд. теңгеден асты. Денсаулық сақтау ұйымдарын қажетті мамандармен қамтуға да зор көңіл бөлінеді. Облыстың медициналық мекемелеріне 2022-2023 жылдар аралығында 96 дәрігер маман жұмысқа қабылданды. Антына адалдық танытып, күн сайын ерлікке тең іс атқарып жүрген сіздердің әрқайсыларыңыз құрметке лайықсыздар», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Содан соң ол үздік 10 қызметкерді марапаттады. Оның ішінде «Үздік стационар дәрігері», «Үздік денсаулық сақтау менеджері», «Үздік жедел жәрдем дәрігері» секілді номинациялар бар.
Бұдан бөлек, бүгін Іле аудандық орталық ауруханасының акушер-гинекологы Гүлнар Әнесоваға «Еңбек ардагері» медалі табыс етілді. Марапатталғандар қатарында «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін, облыс әкімінің Алғыс хатын, облыс әкімінің Құрмет грамотасын иеленгендер де болды.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.