«Облыс халқының 84%-ы ауылдық жерлерде тұратындықтан, пайдаланылмай бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін халық игілігіне қайтару — біз үшін маңызды сұрақ. Қазіргі таңда қолданыстағы заң бойынша бос жерлерді қайтару ұзақ мерзімге созылады. Бұл жұмысты жылдамдату үшін пайдаланусыз бос жер учаскелерін жалдау шарттарын біржақты тәртіппен бұзу арқылы жасалатын рәсімді оңайлату ұсынылады», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Ал келесі мәселе Салық кодексіне қатысты айтылды. Нақтырақ айтқанда, кодекске сәйкес, Жер ресурстарын басқару департаменті ауыл шаруашылығында пайдаға аспай жатқан жерлерге салынатын салықтың мөлшерлемесін 20 есеге ұлғайтуды көздеп отыр. Марат Сұлтанғазиев осы рәсімді де оңайлату мақсатында салықты арттыруды жергілікті атқарушы органның мемлекеттік кірістер басқармасына өтініші негізінде жүргізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.