Қазіргі уақытта автоөндірісті дамыту өзекті мәселеге айналып отыр, себебі елімізге техниканың басым бөлігі шетелден келеді, ал Қазақстанда бұл сала әлі де тиісті деңгейге жетпеген. Алматы облысында автоөндірісті дамыту мүмкіндігі қандай? Бұл сауалға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жауап берді.
«Біз Қытайдың бірнеше компаниясымен келіссөздер жүргіздік, олардың біздің ұсынысымызға қызығушылығы бар. Бәлкім, 1-2 жылда автоөндірісті іске қосуымыз мүмкін деп үміттенеміз. Алдымен фермерлерге арналған ауыл шаруашылығы техникасына назар аударып отырмыз. Оңтүстік өңірдің климаты мен табиғаты экспортқа шығару мүмкіндіктерін де ұсынады. Осыған орай мотоцикл мен мотороллер өндірісін қолға алуға ниеттіміз. Сонымен қатар коммуналдық техникаға қажеттілік туындап отыр, мысалы, көше тазалайтын және төтенше жағдайларда қажет болатын техникалар өндіруді бастау жоспарымызда бар. Егер жоғары технологиялық өнім шығаратын инвесторлар келсе, қолдау көрсетуге дайынбыз. Қазіргі уақытта қарапайым техниканы шығарсақ, бағасы шетелден келгеннен арзан болса, экспортқа да шығуға мүмкіндігіміз бар», – деді Марат Сұлтанғазиев.