Алматы облысы инвестицияға тартымды өңірлердің бірі. Бүгінгі таңда облыстың әлеуеті қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта облыстың бюджеті 899,0 млрд теңге, оның 19%-ы немесе 171 млрд теңгесі республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер мен кредиттер арқылы алынса, 56,3%-ы немесе 506 млрд теңгесі облыстың өз кірістері есебінен қамтамасыз етіледі. Аймаққа инвестиция тарту мәселесі жөнінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев журналист Айбар Олжайға берген сұхбатында кеңінен айтып өтті, деп хабарлайды alataunews.kz.
Әкім өз сөзінде облысқа инвестиция тарту мәселесіне тоқталып, ішкі және сыртқы резервтерді пайдалану арқылы аймақ экономикасын көтеру маңыздылығын атап өтті.
«Облысымызда ішкі резервтер көп, бірақ олардың әлеуеті толық ашылмаған. Жергілікті кәсіпкерлеріміз де жақсы жұмыс істеп жатыр, әрі қарай дамуға дайын. Дегенмен, сыртқы инвестиция үлкен мүмкіндіктер береді. Біз шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасап, дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Алматы облысында бұл бағытта жұмыс атқаратын орынбасарым мен инвестиция жөніндегі кеңесшілерім бар, одан бөлек Алматы облысын дамыту орталығы да жұмыс істейді, онда инвесторлар туралы арнайы реестр жүргізіледі. Қазіргі уақытта бізге көптеген шетелдік инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Жақында әріптестерім Мәскеудегі БРИКС жиынына қатысты. Қазіргі таңда ағылшын тілінен бөлек, қытай тілін меңгерген мамандарды жұмысқа тартып жатырмыз», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар, облыстың қазіргі бюджетінде тапшылық бар екендігі атап өтілді. Әкімнің айтуынша, бұл көбіне халық санының өсуімен және ауылды жерлердегі инфрақұрылымдық мәселелердің шешілмегендігімен байланысты. Осы орайда, жергілікті бюджетке түсетін салық көлемін ұлғайту қажеттігі туындап отыр.
«Біз тұрақты түрде жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы қосымша кіріс көздерін табуға, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға және барлық деңгейдегі бюджеттер алдындағы берешекті төмендетуге бағытталған кешенді іс-шаралар атқарудамыз. Облыс бойынша жергілікті бюджет түсімдерінің жартысы Іле ауданындағы темекі кәсіпорындарынан түсетін акциздер арқылы қамтамасыз етіледі, бұл екі жүйе құраушы компания – «Филип Моррис Казахстан» және «JTI» серіктестіктері», — деп түсіндірді әкім.
Айта кету керек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер бойынша ел көлемінде төртінші орында тұр. Жергілікті бюджетке түсетін кірістер де жыл сайын артып келеді: 2022 жылы 124,8%-ға (396,1 млрд теңге), 2023 жылы 101%-ға (400,3 млрд теңге) өскен. 2024 жылғы болжам 126,4% деңгейінде немесе 506 млрд теңге көлемінде белгіленген.
Әкімдік аймақты дамыту мақсатында инвестиция тарту бойынша қарқынды жұмыс жүргізіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға күш салуда.