Еркеғали Иманғали Жетісу облысы Сарқан ауданының тумасы, қазіргі уақытта Талдықорған қаласында тұрады. 2018 жылы Жетісу Мемлекеттік университетін «Дизаин» мамандығы бойынша бітірген. Бала күнінен суретші болуды армандаған.
«Кілемге сурет салу жаңадан танымал болып келе жатқан әдіс. Бұл техниканың әзірге нақты атауы жоқ, мен оны аэрозольдық баллондармен кілемге портрет салу дер едім. Осындай сурет салу бұрыннан ойымда жүрген. Техника қиын емес. Холст пен қабырғаға салғанға қарағанда кілемге салған жеңіл екен. Мысалы, бұл картинаны салуға 2-3 сағат уақыт кетті», — дейді суретшінің өзі.
Бұл сурет белгілі бір жас кәсіпкердің тапсырысы екен. «Алтын адам» образындағы қыз баласының портреті де тапсырыс берушінің қалауы.
Еркеғали Иманғали қазіргі уақытта, стрит арт (көше өнері) және муралдар салу бағытында жұмыс істейді.
Еркеғалидың басқа да жұмыстарын оның әлеуметтік желідегі парақшасынан көре аласыздар.