Екіжақты кездесу барысында «KT&G» компаниясының өкілдері инвестиция құю үшін неліктен Алматы облысы таңдап алынғанын айтты.
«Біз өз жобамызды Ресей, Қазақстан, Өзбекстан елдерінің бірінде жүзеге асыруды жөн көріп, мәселені талқылай бастадық. Соңында Қазақстанға, оның ішінде Алматы облысына өндіріс ошағын салуды ұйғардық. Себебі, облыстың географиялық орны өнімді ТМД елдеріне экспорттауға қолайлы. Әрі өңірді өндірістік хаб орталығы етуге мүмкіндік бар. Және мұнда темекі өнімдерін шығаратын бірнеше зауыт орналасқан. Яғни, жұмыс барысында өзге компаниялардың да тәжірибесі ескеріледі», — деді серіктестік маманы.
Кореялық компания мамандарының сөзінше, Алматы облысында орналасқан «Philip Morris» компаниясы кореялық «KT&G» өндіріс орнының стратегиялық серіктесі. 2020 жылы бұл өндіріс ошағымен 3 жылға екіжақты келісімге қол қойылған. Өткен айда келісімшарт уақыты 15 жылға ұзартылды.
«Мұндағы өндіріске алғашында 100 млн доллар ақша құйылмақ болған. Дегенмен серіктестік басшылары жобаның тиімділігін ескере отырып, қаржыны екі есеге арттырды», — деді маман.
Бұдан бөлек, компания мамандары зауыттың темекі қыздыратын құрылғыдан басқа темекінің өзін де өндіретінін айтады. Олардың сөзіне сүйенсек, алғашқы жоба 2025 жылы өз жұмысын бастайды. Зауыт Боралдай кентінде салынады. Егер екіжақты қойылған мақсаттың бәрі орындалса, зауытты үлкейту үшін 2030 жылға қарай тағы да 200 млн. доллар инвестиция салынады.
Өз кезегінде облыс басшысы бұл компанияның өңірге зауыт салуы әлеуметтік салада маңызы зор екенін атап өтті.
«Бірнеше жылдан бері сіздердің компанияларыңыз Оңтүстік Кореяда әлеуметтік салаға басымдық берген өндіріс орындарының алдыңғы қатарында болғанынан хабардармыз. Бұл бағыт біздің өңірде де өз жалғасын табатынына сенімдіміз. Темекі өндіретін бірнеше компаниямен жұмыс жасап жатқандықтан, бүгінгі шығарылған шешім бізге таңсық емес. Қажетті мемлекеттік қолдауды көрсетуге әзірміз», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Айта кетейік, «KT&G» компаниясының 120 жылдық тәжірибесі бар. 2021 жылы серіктестіктің табысы 38 млрд. долларды құраған.