«Комплаенс офицерлердің негізгі міндеті — квазимемлекеттік ұйымдарда мүдделер қақтығысын анықтау мен жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдау жүргізу, тәуекелдерді табу. Жалпы офицерлер өздерінің ұйымдарында беделді, сенімге ие болған адамдар болуы керек. Ұйым қызметкерлері оған қандай да бір факт туралы белгілі болғанда жүгініп, комплаенс ол жайтқа талдау жүргізуі тиіс», — деді Нұрсұлтан Бекинов.
Оның айтуынша, екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан комплаенс офицерлердің қызметі әлі күнге дейін бір жолға қойылмаған. Облыстық Антикорға офицерлерден еш ақпарат түспеген. Себебі, комплаенс қызметінің функцияларын ешкім түсінбеген.
«Аталған мәселе республикалық деңгейде қаралып, Мемлекет басшысы биыл 3 қаңтар күні комплаенс офицерлердің жұмысын жандандыру үшін арнайы заңға қол қойды. Оның ішінде, офицерлерді оқыту, әдістемелік қолдау көрсету, ақпарат алмасу секілді пункттер бар», — деді Антикор маманы.
Қазіргі таңда облыста осы заңға сүйене отырып, комплаенс офицерлерінің жұмысы үйлестіріліп жатыр. Бүгінгі тренинг те осы мақсатта ұйымдастырылды.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Бекинов алдағы уақытта елімізде офицерлерге қатысты арнайы ереже қабылданатынын айтты.
«Бұл құжатта комплаенс қызметінің негізгі міндеттері мен құқықтары жазылады», — деді маман.