Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Барлық Төреханов Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірлерде «Инвестиция орнына тариф» жаңа тұжырымдамасын іске асырылып жатқанын еске салады.
Оның айтуынша, жаңа тарифтік саясат бірінші кезекте коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған.
«Жергілікті атқарушы органдар мен табиғи монополиялар субъектілерінің деректері бойынша Алматы облысында коммуналдық желілердің тозуы 60-70%-ды құрайды. Жылу желілерінің тозуы — 60%. Жаңа тарифтік саясатқа сәйкес, салынған инвестиция желілердің тозуын төмендетуге жұмсалуы тиіс. 2029 жылға дейін коммуналдық желілерді кезең-кезеңімен жаңғырту міндеті қойылды», — деді Барлық Төреханов.
Бұл бастаманың түпкі мақсаты — халыққа сапалы әрі уақытылы қызмет көрсету. Сондай-ақ, ол Алматы облысында сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің де 60-70% тозғаны айтады. Бұл саладағы қызметкерлердің жалақысын көтеру – өзекті мәселе, оның деңгейі орташа жалақыдан кем болмауы керек.
Осы шаралардың барлығы коммуналдық тарифтердің қымбаттауына әсер етуі мүмкін, сол себепті халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр деп түсіндірді Барлық Төреханов.
«Сіздер елімізде желілердің тозуына байланысты апаттар, төтенше жағдайлар болып жатқанын көріп отырсыздар. Осыған байланысты өңірлерде тұрғындар наразылық білдіріп жатқанын білесіздер. Қабылданған жаңа тарифтік тұжырымдама осындай апаттардың алдын алу және тұтынушыларға уақытылы әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді», — деді ол.