«Өңірдегі өзекті мәселенің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтардың (ҚТҚ) өңделуі. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қоқысты қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 15,9%-ды құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 17,6% жоғары. Биыл космомониторингтің көмегімен өңірде 340 полигон анықталды. Оның 53%-ы (180 полигон) жойылды», — деді министр.
Серікқали Брекешевтің сөзіне сүйенсек, қоқыс үйінділерінің пайда болу себебі – ҚТҚ заңдастырылған полигондарының болмауы. Қоқыстарды арнайы аймаққа орналастырудың 131 объектісінің тек 7-і (5,3%) экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Бұл — төмен көрсеткіш. Тіпті, Кеген, Ұйғыр, Райымбек аудандарында бірде-бір заңдастырылған қоқыс полигондары жоқ.
Министр аталған проблемаларға байланысты облыс әкімдігіне коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны әзірлеуді және бекітуді, шағын және орта бизнес субъектілерін осы салаға белсенді тартуды ұсынды.
Сонымен қатар ҚР Экология министрі республика көлемінде қолға алынған шаралар жайында сөз етті:
• қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің тізімі жасалады;
• қоқыспен жұмыс істеуге қойылатын талаптарды бұзғаны үшін айыппұл көлемі ұлғайтылды (жеке тұлғаларға 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке);
• ҚР заңнамасына сәйкес құрғақ және дымқыл қалдықтарды бөлек жинауға қойылатын талаптар белгіленді.