Кездесу кезінде өңір басшысы ең алдымен мал шаруашылығы жайлы сөз етті.
«Ауданда мал шаруашылығы дамыған және жылқы саны бойынша аудан облыста 3-орында, қой және ешкі саны бойынша 5-орынды алады. Бірақ өткен жылы ет өндіру 6,2%-ға, сүт өндіру – 0,6%-ға азайды», — деді облыс әкімі.
Марат Сұлтанғазиевтің сөзінше, ет пен сүт өнімінің азаюынан ауыл шаруашылығы өнімдерінің де көлемі төмендеді.
Сонымен бірге облыс әкімі ауданда қуаттылығы 6,3 мың басқа арналған 4 мал бордақылау алаңы және 400 басқа арналған 1 тауарлы сүт фермасы бар, бірақ бүгінгі күнге онда мал басы жоқ екенін айтты.
«Және де мал басының облыс деңгейінде үлесі жоғары болғанымен, ауданда ет өнімдерін шығаратын бір кәсіпорын ғана бар. Ол — «Қазмясо» компаниясы. Бұл зауытта 6 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал бордақыланып жатыр», — деді Марат Сұлтанғазиев.