China Power International Holding Limited компаниясы Алматы облысының аумағында қуаты 1 ГВт ЖЭК жобасын салуға инвестиция салу туралы ұсыныс жасады. Бұл ретте қуаттылығы шамамен 300 МВт (30%) электр энергиясын жинақтау жүйелерін құру көзделген.
Инвестициялық жобамен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұма күні компания өкілдерімен кездесу барысында танысты.
Жобаның құрылысына салынатын инвестициялардың жоспарланған құны 1 млрд долларды құрайды. Оны іске қосу 2024 жылға, ал толық қуатымен жұмыс істеу 2027 жылға көзделген. Инвестор электр энергиясы үшін тариф диапазоны ЖЭС үшін 17 теңге/кВтсағ, СЭС үшін 22 теңге/кВтсағ құрайды деп уәде беріп отыр.
Алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) өткізу 2023 жылы жоспарланып отыр. Жобаны 2 кезеңде іске асыру жоспарланды: 2024-2026жж. — ЖЭС бірінші кезегін инвестициялау және салу (600 МВт), 2027-2030жж. – ЖЭС екінші кезегін іске қосу (400 МВт).
Облыс басшылығымен кездесу барысында инвесторлар ЖЭК объектілерін салу үшін учаскелерді анықтауға көмек көрсетуді сұрады. Қажетті алаң-шамамен 5-6 мың гектар.
Алматы облысы үшін ЖЭК жобалары маңызды. Сондықтан облыс әкімі бос алаңдар, атап айтқанда Шелек дәлізінен табылатынын айтты. Бұл ретте ол Мемлекет басшысының елдің жалпы энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесін арттыруға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге қатысты тапсырмасын еске салды.
«Жалпы жоба біз үшін маңызды. Облыста бос учаскелер бар, тіпті жеке учаскелер болса да табылады. Бұл келіссөздер арқылы шешіледі. Біздің Шелек дәлізінде 2 мың МВт-қа мүмкіндік бар. Қазір қуаттылық 10% жұмыс істейді. Сондықтан ол жақтың мүмкіндігі жоғары», — деді әкім.
Сонымен қатар, компания өкілдері тікелей инвестициялардан басқа, мектептер, ауруханалар, жаңа қазандықтар және т.б. салу сияқты әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша міндеттемелер алуға дайын екендіктерін хабарлады.
Кездесу соңында Марат Сұлтанғазиев тараптардың өзара міндеттемелері, оның ішінде инвестордың әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға қатысуы бекітілетін негіздемелік меморандумды пысықтауды тапсырды.
Сондай-ақ, ЖЭК үшін ең қолайлы учаскелерді зерттеу ісін бастау қажеттігін айтты.
Айта кетейік, China Power International Holding Limited Қытайда және әлем бойынша жалпы қуаты 59,1 ГВт болатын жобаларды іске асырды. Оның ішінде Қазақстан аумағында «Жаңатас ЖЭС» 100 МВт, «Шоқпар ЖЭС» 100 МВт, Ақмола облысындағы ЖЭС 206 МВт, 2 СЭС 50 МВт сияқты жобалар бар.