Антикор жыл басынан бері білім саласына сыртқы талдау жүргізген. Нәтижесінде Іле аудандық білім бөлімінің есепшісі Нұрахманова 81 млн теңге жымқырғаны жөнінде қылмыстық іс тіркелген.
«Ол 2020-2023 жылдары мектепте жұмыс жасамаған «өлі жандардың» шотына ақша жіберіп отырған. Орташа есеппен бір айда 1-6 млн теңге арасында ақша аударылған», — деді Нұрсұлтан Бекинов.
Осыдан екі күн бұрын есепші кінәлі деп танылып, соттың шешімімен 6 жылға сотталды.
Бұл Алматы облысында тіркелген жалғыз жағдай емес. Іле ауданында 4 бухгалтер жоғарыда аталған жүйемен жұмыс жасап, 525 млн теңге жымқырды деген күдікке ілініп отыр.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Бекиновтың сөзінше, Жамбыл, Ұйғыр, Іле аудандарында мұғалімдер мен бухгалтерлердің еңбекақысын негізсіз көтеріп, артық 84 млн теңге төленгені анықталған.
Антикор білім саласында ақша жымқырудың негізгі себептері мен шарттарын анықтаған.
«Бухгалтерлік есепте «1С» және «Парус-КАЗ» жүйесі қолданылады. Бұл жүйелер ашықтықты қамтамасыз ету үшін қолданысқа енгізілген. Алайда, талдау нәтижелерінде көрсетілгендей, Антикор аталған программалардың кемшілігін тапты. Ол – жүйеге енгізілген ақпараттарды қайта өңдеу мүмкіндігінде. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында білім басқармасында ішкі аудит және есепті бақылау қызметін ұйымдастыру қажет», — деді Нұрсұлтан Бекинов.