Жиынға қатысқан Алматы облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айгүл Есімбекованың айтуынша, оқиға 6 мамыр күні орын алған.
«Қазіргі таңда өгей әкелер мәселесіне де бей-жай қарауға болмайды. Өйткені, көптеген қылмыстар солардың қатысуымен болып жатыр. Мысалы, Іле ауданында өз-өзіне қол жұмсаған қызды ата-анасы үйінде ұрып-соққан, психологиялық қысым көрсеткен. Бұл іс ҚР ҚК-нің өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу бабы бойынша қаралып жатыр», — деді Айгүл Есімбекова.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қайғылы жағдай орын алмас бұрын қыздың сыныптастары оны ата-анасы соққыға жығатынын білгенін алға тартады. Қыздың анасы «балам ауырып жатыр» — деген желеумен сабаққа жібермеген кездері де болған көрінеді. Ал сол мезетте қыз соққыға жығылып үйінде жатады.
«Осы деректерге сүйене отырып, қыздың сыныптастарынан және жақын араласатын адамдарынан сауалнама жүргізу қажет. Сол сауалнама нәтижесінде аталған істі ҚР ҚК-нің кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау бабы бойынша да қолға алу керек», — деді уәкіл.