Ауыл орталығына бір топ көлік жүргізушілері жиналып, бірнеше мәселеге шағымданды. Олар жолдың тарлығы, таңғы және кешкі уақыттағы кептеліс, бағдаршам және т.с.с шешімін таппаған түйіткілдерді айтты.
Наразы топтың айтуынша, көлік көптігіне байланысты екіжолақты жол ары-бері қатынауға тарлық етеді. Оның үстіне, орталықтағы үлкен көшелердің қиылысында бағдаршам жоқ. Сондықтан жол апаты жиі болып, жүргізушілер үнемі бір-бірімен жаға жыртысып жатады.
«Жаяу жүргіншілер жолы да бірнеше метр ары қойылды. Жолаушыларға арналған жолдан ешкім өтпейді. Өздеріңіз байқап отырғандай жол жиегіне қоршау да қойылды. Содан бері үйреншікті жолдан арғы бетке өтпек болған 3-4 адамды көлік қағып үлгерді. Бұл екі айда болған оқиға, біраздан кейін адам өлімі болмасына кім кепілдік береді? Жол мәселесі әбден ығырымызды шығарды. Әу баста, ауыл жоспары жасалғанда жауаптылар есепті дұрыс жүргізбеген болу керек», – дейді көлік жүргізушілер.
Бұдан бөлек, ауылға кіре-берістегі айналма жолмен жүру ережесі де көлік жүргізушілерінің шамына тиеді. Себебі, айналма жолмен келе жатқан көлік емес, оң жақтан айналмаға кіретін жол – басты жол есептеледі.
Жүргізушілердің сөзіне қарағанда, айналмадағы көліктің барлығы оң жақтағыларды жіберем дегенше кептеліс болады. Дөңгелек жолдың бойына көп көлік те сыймайды. Сол себепті көлік жүргізушілері жол қозғалысын өз беттерінше, ымдап реттеп отырады.
Ащыбұлақ ауылының әкімі Жасұлан Оңалбаевтың бұған қатысты айтар өз ойы бар.
«Ащыбұлақ ауылдық округінде 60 мыңға жуық адам тұрады. Сәйкесінше, көлік өте көп. Жұмыс күндері кептеліс болатыны да жасырын емес. Ауыл халқының 80 пайызы қалаға қатынайды: бірі оқиды, бірі жұмыс істейді. Орталықтағы бұл жағдай Алматинская-Аптечная көшелерінің қиылысында орын алады», — дейді ауыл әкімі Жасұлан Оңалбаев.
Оның мәліметінше, осы қиылыс облыстық маңызы бар жолдар қатарына кіреді. Биыл онда кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда екі камера қойылады. Және жол жиегіне көліктерге тоқтауға болмайды. Жол жүру ережесіне сәйкес, жүргіншілер жолы бірнеше метр ары сызылды.
«Қиылысқа бағдаршам да қойылады. Бұл бойынша аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі конкурс жариялады. Жақын арада тендер жауабы белгілі болады. Тағы бір қуанарлығы, кептеліс БАКАД жолы құрылысы аяқталғанда азаяды. Себебі, ауылдық округтен Тілендиев және Северное полукольцо көшелері БАКАД-қа қосылады. Ал БАКАД арқылы тұрғындар қалаға еш кедергісіз қатынайтын болады», — деп ауыл әкімі сөзін жалғастырды.
Әкімнің сөзіне сүйенсек, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Казцик, Боралдай, Ащыбұлақ ауылы шекараларында орналасқан айналма жолды алып тастап, бағдаршам қою жобасын жасап жатыр. Бұл мәселенің шешімі де облыс құзіретінде. Және аталған екі проблема 27 маусымда облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Іле ауданы тұрғындарымен кездескенде де айтылды.