Жалпы жыл басынан Алматыда құрғақ шөптің өртенуінің 2 жағдайы тіркелді.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының бұйрығына сәйкес Алматы қаласы мен Алматы облысының мемлекеттік орман қоры аумағында 2023 жылдың 20 наурызынан бастап өрт қауіпті кезеңі жарияланды.
«Алматы қаласының аумағында 19 мың 803 га Іле Алатау ұлттық паркі орналасқан. Жыл басынан мұнда екі жағдай тіркелді. Атап айтар болсақ, 23 сәуір күні Алматы-Арасан шатқалында, Терра алқабына барар жолда 0,5 га алаңда құрғақ шөптің жануы орын алды. Сондай-ақ 27 сәуірде қаланың Медеу ауданында, Іле Алатау ұлттық паркінің аумағында, Ағартушы шатқалында жалпы 100 шаршы метр жерде қураған шөп тұтанды. ТЖД және «Іле Алатау» МҰТП қызметкерлерінің қабылданған жедел шараларының арқасында өрттің орманға таралуына жол берілмеді», — деп хабарлады ведомстводан.
Өрттің шығуына тұрғындардың от салдарына немқұрайлы қарауы себеп болып отыр.
«Іле Алатау ұлттық табиғи паркінде от тұтатқан 38 жастағы тәртіп бұзушыға 345 мың теңге көлемінде айыппұл салынды», — деп атап өтті Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметінен.
Қалалық ТЖД мамандары таулы жерде шылым шегіп, от жақпауға кеңес береді.
Айта кетейік, Іле Алатау ұлттық паркінде ыстық тамақ дайындау үшін арнайы жабдықталған – 14 орын, Алма-Арасан шатқалының аумағында — 12 орын, «Бутаковкада» 2 орын бар.