Алматы облысының түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар, өңір басшысы қатысқан жиын Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етуден басталды.
Зал толы халық жиналған басқосуда облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жұртшылыққа өзінің ізге тілегін арнады.
«Жамбыл Алатаудың төрінде, жыр құндағында, əн мен күйдің алтын бесігінде тербетіліп өскен асыл текті тұлға. Ол атақты Сүйінбайдан бата алып, отыз бес жыл ақынның қасында жүрді, ұлы ұстазын пір тұтты. Елдікті, əділдікті, ерлікті дəріптеді. Сөйтіп өзінің мөлдір гауһар жырларымен туған халқының қошеметіне бөленді. Есімі əлемге аңыз болып тарады», — деді жыр алыбы туралы сөз қозғаған Марат Сұлтанғазиев.
Өңір басшысының айтуынша, соңғы 2 жыл ішінде ақынның мұраларын насихаттайтын «Жамбыл əлемі» атты 30 томдық кітап жарық көрді, ғалымдардың еңбектерімен тағы 10 томдық жинақ оқырман қауымға жол тартты.
«Біз Жамбыл Жабаевтың мол мұрасын тек мерейтойда ғана емес, әр жыл сайын жүйелі түрде жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз қажет. Алдағы уақытта Жамбыл Жабаев шығармашылығына орай ұйымдастырылатын іс-шаралар жалғасады. Баршаңызға Жамбыл атамыздың жасын берсін. Аспанымыз ашық, тəуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Облысымыз дами берсін!», — деді елге ақ тілегін арнаған облыс әкімі.
Ал ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалин болса, Жамбыл өзінің жыры арқылы елдің рухын асқақтатқаны жайлы сөз етті.
«Жамбыл өзінің жыры арқылы елдің рухын асқақтатты. Жәкеңнің әруағы Ұлы дейтін сөзбен ғана баланып айтылуы тиіс. Өйткені оның жыры үш ғасыр бойы өлмей келеді, керісінше, жыл өткен сайын жаңғырып, жасарып келеді. Нәубет жылдарынан кейін Жамбыл елдің көз жасын жыры арқылы сүртті. Қазақтың екі ұлы ақыны араға жыл салып дүниеге келуінің өзі тегін емес. Абай Құнанбайұлы 1845 жылы дүниеге келсе, Жамбыл Жабаев 1846 жылы туған», — деді қайраткер.
Салтанатты шарада өңірдің сахна саңлақтары ән-күйден шашу шашып, бишілер мың бұрала би биледі.
Сонымен қатар Мәдениет үйінің кіреберісіне Жамбыл атамыздың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрме қойылып, жиналған жұрт ақынның біз білмейтін қыр-сырымен танысты.