Бүгін, Республика күніне орай, Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында, Ту тұғыры жанындағы Мемлекеттік рәміздер алаңында салтанатты Ту көтеру рәсімі ұйымдастырылды. Елдік пен мақтаныштың символы болған бұл шара Республика күнін мерекелеудің ресми бастауына айналды, деп хабарлайды alataunews.kz.
Мерекелік шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, мәслихат депутаттары, әскери гарнизон қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, зиялы қауым мен жергілікті тұрғындар қатысты. Жиналған қауым ел бірлігі мен қоғамдық келісімді қолдап, осы маңызды мерекені бірге атап өтуге ниет білдірді.
Сөз сөйлеген Нұржан Құдайбергенов барша қатысушыларды Республика күнімен құттықтай келе: «1990 жылы 25 қазанда егемендік туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздікке алғашқы қадам жасады. Сол уақыттан бері Қазақстан қуатты мемлекетке айналды. Бірлік пен келісім – біздің басты байлығымыз. Бүгінгі ту көтеру рәсімі – ұлттық рух пен патриотизмнің белгісі. Туымыз әрқашан биікте желбірей берсін!» – деп, ел бірлігінің маңыздылығын атап өтті.
Республика күнін мерекелеу — еліміздің өркендеуінің негізі саналатын құндылықтарды айқындайтын ерекше күн. Халық бірлігі мен келісімі арқасында біз болашаққа сенімді қадам басып келеміз. Бұл шарада желбіреген Туымыз елдің бірлігі мен тұтастығының нышаны ретінде жоғары көтерілді, ал ел болашағының жарқын болуы – әр азаматтың ортақ міндеті.