Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жариялады.
«Бүгіннен бастап мен, денсаулығыма байланысты өз еркіммен Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің қызметінен кету жөнінде шешім қабылдадым.
Баршаңызға мәлім, ауданымызға 45 жылдан аса еңбек еткенім сөзсіз.
Бала күннен басты арманым – елдік мүдде жолында еңбек ету, ұлтымды ұлы істерге жұмылдыруға ұйытқы болсам деуші едім. Шүкір, ол күнге де жеттім. Әкенің қаны, ананың сүтінен дарыған еліме, жеріме, кіндік қаным тамған туған атамекеніме қызмет қылуды Жаратқан маңдайыма жазды. Артымнан еріп, шындалған жүзден аса мемлекеттік қызметшілерді тәрбиелеп өсіргеніме қуанам. Себебі, олар «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» екенін бойларына сусындаған жалынды жастар, менің үмітімді ақтап, еш өкінішсіз қызметтен кетуге кепілдік боларына сенемін!
Алтын адам мекені, Еңбекшіқазақ ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық ахуалының қалыпты дамуына тамшыдай болса да өз үлесімді қостым деп ойлаймын. Әрбір жеткен жетістіктеремізге бірге жеттік, бірге бағындыра білдік», — деп жазды Алтай Досымбаев өз парақшасында.
Сонымен қатар, аудан тұрғындарына, жерлестеріне және әріптестеріне ризашылығын білдіре отырып, мықты денсаулық, еңбектеріңізге толағай табыстар, отбасыларыңызға амандық тіледі.
Еске салайық, alataunews.kz бұған дейін инсайдерлердің хабарлауынша, жақын арада Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Алтай Досымбаев өз қызметінен кетуі мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз. Бұл шешім ауданда біраз өзгерістер тудыратыны сөзсіз.