Ведомство мәліметінше, азамат «К» бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, арнайы рұқсат құжаттарынсыз пайдалы қазбаларды қайта заңсыз өндіруді ұйымдастырған.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, ол экскаватор арнайы техникасын пайдаланып, жер қойнауын заңсыз игерумен айналысқан. Заңсыз өндірілген материал көлемі 32 текше метрді құраған.
Прокуратура өкілдері бұл әрекет жер қойнауын пайдалану саласындағы заң талаптарын өрескел бұзу екенін атап өтті.
Бірінші сатыдағы сот құқық бұзушыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 139-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 220 мың теңге көлемінде айыппұл салған.
Алайда заңнамаға сәйкес, құқық бұзушылықты қайта жасаған жағдайда айыппұлмен қатар, заңсыз әрекет барысында пайдаланылған құрал-жабдықтарды міндетті түрде тәркілеу қарастырылған.
Алматы облысы прокуратурасының араласуынан кейін, жоғары тұрған сот алғашқы қаулыны өзгертіп, қосымша жаза қолданды.
Нәтижесінде нарықтық құны шамамен 25 миллион теңге болатын «Zaxis LCN 200» маркалы экскаватор мемлекет пайдасына тәркіленді.
Прокуратура мәліметінше, жер қойнауын пайдалану саласындағы заңдылық қалпына келтіріліп, құқыққа қайшы әрекеттерге тиісті құқықтық баға берілген.






