Қазіргі таңда бұл цехта 120 адам қызмет етеді. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша тігіншілік курсын оқыған он шақты адам бар.
«Біз негізінде мемлекеттік сатып алулар сайтындағы конкурстарға қатысамыз. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің тапсырмасын орындап жатырмыз. Әзірше, жеке адамдардан тапсырыс алып жатқан жоқпыз. Цех толықтай жеке кәсіпкердің қаржысына тұрғызылған. Ендігі жылы аяқ киім шығаратын өндіріс ошағын ашып, 300-400 адамды жұмыспен қамтуды ниет етіп отырмыз», — деді цех директорының орынбасары Анар Егізбаева.
Сонымен қатар серіктестік өкілі мамандар тапшылығы бар екенін айтты.
«Әр цехтың жанынан оқыту курсын ашқан жөн. Себебі, маман тапшылығы бар. Ал қызметшілердің әлеуметтік жағдайына келсек, барлығы ресми, заңды түрде жұмысқа орналасқан», — деді директор орынбасары.