Спикердің айтуынша, ҚР Президентінің мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде байланыс сапасын тексеру жөніндегі функцияны жергілікті атқарушы органдарға (басқарма, бөлімдерге) беру жоспарланып отыр.
Ал қазіргі таңда бұл функцияны Алматы қаласында орналасқан байланыс инспекциясы атқарады. Тұрғындар осы мекемеге барып, ғаламтордың сапасына шағымын түсіре алады. Ары қарай заң шеңберінде шаралар қолданылады.
Спикер халықтың саны жылдан-жылға көбеюіне және тұтынылатын трафиктің артуына байланысты бұрын мобильді интернетпен қамтамасыз етілген кей ауылда интернет жылдамдығы нашарлағанын да айтты. Бұл мәселені шешу үшін байланыс операторларының базалық станцияларын тұрақты негізде ұлғайтып, жаңа желілер салу қажет.
«Мобильді интернет жылдамдығының тұрақсыздығына байланысты сымды интернетке сұраныс артып келеді. Бұл мәселені шешу мақсатында облыс әкімдігі «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-мен шағын байланыс операторларына электр бағаналарын тегін беру туралы келісімге келді. Қазіргі уақытта басқарма елдімекендерге жоғары жылдамдықты интернет жүргізетін бірнеше шағын байланыс операторларымен Меморандумдарға қол қойды», — деді Жандос Ақыл.
Сондай-ақ басқарма басшысы кей сәттерде тұрғындардың өзі интернет желісін тартуға кедергі болатынын алға тартты. Мұндай жағдай Қонаев қаласында орын алып отыр.
«Көпқабатты үйлердің шатырына мобильді станса қояйық десек, жұрт радиациядан қорқып, рұқсат бермейді. Сондықтан облыс орталығындағы жағдай күрделі десек болады. Мұнда мен айтар едім, керісінше, ғаламтор жылдамдығы нашар болғанда, радиация көп бөлінеді. Себебі, жүйеге жүктеме түседі. Кей азаматтар осыны түсінбей отыр. Интернет радиациясының күші үйдегі қысқатолқынды пешпен бірдей-ақ», — деді спикер.