Аграрлық несие корпорациясының жаңа өнімін пайдаланғандар енді алғашқы төлемдерін ала бастады. Бағбандықты дамыту үшін басқаларға да мұндай мүмкіндікті қалт жібермеген жөн.
Бұршақ, өрт, қатты жел, зиянкестердің залалы, үсік, қасақана отап кету сияқты факторлардан тұратын тәуекелдер аз емес. Осының қайсысы болса да, көптен күткен өнімді алуға кедергі болады. Алматы облысындағы «Apple Bee» компаниясының 100 гектар алма бағы бар. Өткен жылы олар Аграрлық несие корпорациясының қаржылай қолдауымен алма ағаш көшеттерін сатып алып, баққа тамшылатып суару жүйесін орнатқан. Сол кезде алма бақ өнімін сақтандыруды да ұмытпаған.
«Бұл – әлемдік тәжірибе. Біз алма бақты бір жыл мерзімге сақтандырдық. Енді жыл сайын сақтандыру көмегіне жүгінеміз. Өйткені біздің салада тәуекел көп. Бірде өнім жақсы шықса, келесі жолы ауа райы қолайсыз болуы мүмкін. Міне, осындай жағдайда сақтандырудың маңызы зор. Әрине, жемісті өсіруде агротехникалық талаптарды сақтаймыз. Дей тұрғанымен сақтандыру жүйесі шығынға ұшырамауға кепілдік береді», — дейді «Apple Bee» ЖШС директоры Олжас Сванбаев.
«Уәкілетті сарапшының барып тексеруінің нәтижесінде алманың 70-75%-нің зақымдану фактісі анықталып, расталды. Нәтижесінде сақтандыру компаниясы «Apple Bee» серіктестігіне 43 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемін берді», — дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілі Айгүл Дүйсембаева.
Серіктестіктің сақтандыруға жұмсаған жеке қаржысы – небәрі 5 миллион теңге. Қалған 21 миллионды мемлекет субсидиялады. Сақтандыру өз тиімділігін дәлелдеді. Барлық рәсім Kezekte.kz онлайн платформасында жүргізіледі. Ал шығындарды реттеу мобильді қосымша арқылы іске асырылады. Мұндай мүмкіндікті қазір Алматы, Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарының бағбандары да пайдалана алады.