Өткен жылдың қарашасында тілшілер тұрғындармен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдаған еді. Содан кейін Қонаев қаласы әкімдігінің мамандары 4-саяжайда трансформаторлы қосалқы электр стансаларын орната бастады. Қазіргі таңда бұл жерде 11 трансформатор, бірнеше жарық бағаналары қойылған. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталады деп жоспарланған. Алайда, электр желісі әлі күнге дейін әкімдік балансына, «Алатау жарық компаниясына» өтпеген.
Мәселенің түйіні бәрібір тарқатылмаған соң, бүгін түнде тағы да жарықсыз қалған жұрт наразылыққа шықты.
Қонаев қаласының әкімдігі аталған жағдайға байланысты ресми жауап берді. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, саяжай кооперативінің басшылығы қызмет көрсетуші «АлматыЭнергоСбыт» компаниясына 32 млн теңге қарыз болып қалған. Бұл сома ай сайын өсіп барады. Берешек кесірінен 24 шілде күні тұрғындар жарықсыз қалған.
«Тұрғындармен қала әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет кездесті. Ол тұрғындар тарапынан арнайы топ құрып, жауапкершілігі жоқ тұтынушылармен жұмыс жасауды ұсынды. Ал қажет кезінде учаскелік инспектор да бұл іске араласатын болады», — деп жазды баспасөз қызметі.
Ресми мәліметке сүйенсек, әкімдік қолданыстағы заң шеңберінде жеке кооперативтердің қызметіне кірісе алмайды. Алайда, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жарық мәселесін шешумен айналысып жатыр.
«Қазіргі таңда тұрғындар жарыққа қосылды. Кооператив басшылығы «АлматыЭнергоСбыт»-тың алдындағы берешегін өтеу үшін шаралар қолданып жатыр», — делінген ақпаратта.
Кооператив балансында күн көріп отырған жұртшылық жарықтың 1 кВт-на 32 теңге төлеп отыр, саяжайдағы электр желісі «Алатау жарық компаниясына» өтетін болса, тұрғындар бекітілген тариф бойынша 24.76 теңгеден төлемек.
Посмотреть эту публикацию в Instagram