Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылының тұрғыны, құрылыс ұйымының жетекшісі, кәсіпкер Шапық Тоқтарбек жанар-жағармай бағасының қымбаттауы экономиканы құлдыратпаудың бір жолы дегенді айтады.
«Үкіметтегілер елімізде бензин мен дизель отынының бағасы қымбаттайтынын айтты. Әрине, халыққа жанармайдың арзан болғаны жақсы-ақ. Өзім кәсіпкерлік қызмет барысында қарапайым жұмысшылармен бірге еңбек етемін. Тұрғындармен әңгімелескенде қазіргі нарық заманында бағаның ырық бермей тұрғанын жиі сөз қылады. Қымбаттамаған не қалды біздің елде, тауарлардың көбі шетелде шығарылғандықтан, бағасы шарықтап барады. Оған да көндік. Ал енді бензин мен дизель отыны өзімізде шығады емес пе?! Шылқыған мұнайдың үстінде отырып, енді соның да бағасын өсіреміз бе, осы өкіметтегілер не ойлайды екен, дегендей пікірлерді ел арасында құлағым жиі шалады. Алайда өкіметті де түсінуге болады. Кеңірек ой жіберсек, мұның мәжбүрлі шара екеніне көз жеткізе түсеміз», — дейді ол.
Салыстырма жасаған сарапшылардың пікірінше, көршілес елдердің ішінде ең арзан жанармай Қазақстанда екен. Сондықтан сол елдердің азаматтары біздің шекараға жақын аудандардағы жанармай бекеттерінен көліктерін мұнай өнімдеріне толтырып аттанады екен.
Оның пікірінше, бензин мен дизель отынын тасып жатқандарда есеп жоқ көрінеді.
«Сонда ойлап қараңызшы, мысалы бір сағаттың ішінде бір ғана жанармай бекетінің өзіне қаншама көлік тоқтайды десеңізші. Көлік болғанда өзінде бірнеше жүздеген литр және қос-қостан жанармай багымен жабдықталған үлкен жүк көліктері болса. Одан бөлек тонналаған арнайы ыдыспен алып кетіп жатқандар да болуы мүмкін. Содан барып бізде тапшылық туындайды. Рас қой. Осыны жанармай саудасымен айналысатын өзіміздегі алыпсатарлар пайдаланып, еселеп табыс тауып қалуға ұмтылатыны жасырын емес. Сондықтан өкіметтің жасап жатқан амалына түсіністікпен қарағанымыз жөн. Жоғарыда отырған билік басындағылар қайтсек жанармай тапшылығын болдырмаймыз деген мақсатпен осындай шешімге келгеніне сенемін», — дейді кәсіпкер Шапық Тоқтарбек.