60 жылдық тарихы бар білім мекемесі әуелде қазақ-түрік лицейі болып ұрпақты білім нәрімен сусындатса, 2004 жылдан бері физика-математика бағытындағы Шалтай Смағұлов атындағы мектеп-интернаты болып жұмысын жалғастырып келеді. Ордасында 369 бала білім алады.
Мұнда оқыған түлектердің 96%-ы білім грантының иегерлері. Бүгінгі таңда қара шаңырақтағы білім сапасы 80%-ды құрайды. Айта кетерлік бір жайт, соңғы үш жылда 17 алтын белгі, 12 үздік аттестат иегері шыққан.
Білімімен мыңды жығып жүрген дарабоздар аймақ басшысына ғылыми жұмыстарын көрсетіп, өздері құраған түрлі роботтарды жеке-жеке таныстырып шықты.
Ал ұстаздар STEM мектебін құру жайлы ұсыныс айтып, арнайы әзірлеген жобамен таныстырды. Бұл Алматы облысындағы алғаш робототехникаға үйрететін ошақ болады.
Сонымен қатар облыс әкімі интернат негізінде ашылған «Жас ұстаз» педагогикалық сыныбымен танысты. Бұл жерде болашақ ұстаздарды даярлайды. Мектеп-интернатындағы аталған бастамаға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев оң бағасын берді.
«Ұстаз — ұлы мамандық. Қашанда сұраныстағы тұлғалар. Мәселен, Алматы облысының өзінде педагог тапшылығы байқалады. Ал таяу болашақта «Жайлы мектеп» жобасының аясында 63 білім ұясын салу көзделген. Сәйкесінше, 3 мыңнан астам мұғалім мамандары қажет болады. Сол кезде жас кезінен аталған мамандық бойынша ірге тасы қаланған білікті педагогтар қажет болады», — деді Марат Елеусізұлы.
Аймақ басшысы өз сөзінде алдағы уақытта Шалтай Смағұлов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлектері үшін арнайы гранттар бөлуді қарастыру керек екенін тілге тиек етті.
Оның айтуынша, қазіргі кезде білім гранттарының басым бөлігі дәрігер, мұғалім, аграрлық сала мамандарына бөлінген. Бұл қатарға физика-математика бағытын қосу керектігін айтты.
Айта кетейік, өткен жылы Алматы облысына 107 білім гранты берілген, 69 бала тегін оқуға қол жеткізген. Ол гранттар аз қамтылған, жартылай жетім немесе жетім балаларға берілді.
Шара соңында Марат Сұлтанғазиев мектеп-интернатының кітапханасына 50 дана кітапты табыс етіп, оқушылармен естелік суретке түсті.