Бас қосуға зиялы қауым өкілдері және Д. Қонаевтың жиені Эльдар Қонаев арнайы келді. Оның айтуынша, Президент Қапшағай қаласының атауы өзгергеткелі елде Қонаевқа арналған шаралар бірден көбейіп кеткен.
«Бұған дейін біз оның туған күні мен қайтыс болған күнін, 12 қаңтар мен 22 тамызда, халықты жинап, атап өтетінбіз. 2019 жылы құрылған қор да осы уақыт бойы оның есімін насихаттап келді. Бірақ биылғы жылы Президент Қонаевтың есімін қалаға бергеннен кейін, өтіп жатқан шараларда шек жоқ», — деді Эльдар Қонаев.
Сонымен қатар ол бірінші кезекте Қонаевтың есімін беру идеясын қолдаған қала тұрғындарына ризашылығын білдірді. Өйткені, Президенттің шешіміне ықпал еткен дәл осы қаланың тұрғындары.
Конференцияға Дінмұхамед Қонаевты көзі көрген адамдар, онымен қызметтес болған, оның қолдауын сезінген азаматтар, Қонаев туралы кітап жазған жазушылар, жастар жиналды. Олар пікір алмасу кезінде Қонаевтың ел басқарған кездегі даналығы, адалдығы, әділетілігі мен қарапайымдылығының сырын ашуға тырысты. Жиналғандар тарихи деректер мен құнды құжаттар арқылы оның еліне, жеріне деген адал қызметін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Шара барысында Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысымен қайта басып, шығарылған «30 дней в народном Китае» атты кітабы таратылды. Қонаевтың ескірткішіне гүл шоқтары қойылып, құран бағышталды.