Өткен жылы бұл жерге 210 мыңнан астам турист келген. Жыл соңына дейін бірнеше ай барын ескерсек, биылғы көрсеткіш былтырғыдан әлдеқайда жоғары болуы ықтимал.
Ұлттық паркте туристердің демалуына ыңғайлы жағдай жасалып жатқанын да айта кеткен жөн. Мысалы, биыл 4G интернет тартылды. Билайн, Актив мобильді байланыстары толық жұмыс істеп тұр. Әр адам өзінің ыңғайына қарай киіз үйден бастап, жоғары санатты қонақ үйде қоныстануға мүмкіндігі бар. Ұлттық парк аумағында 57 қонақ үй орналасқан. Оның ішінде «Көлсай Номад» және «Көлсай Гранд» қонақ үйлері инвестициялық жоба есебінде бой көтерген. Жалпы жоба құны 143 млн теңге. Қонақ үйлердің бірі 50 адамға арналса, екіншісінде бір уақытта 25 адам қоныстана алады.
Бұл жерде асхана, мейрамханалар да халыққа қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, тазалыққа да ден қойылған. Аумақта дәретханалар, қоқыс жәшіктері орналасқан. Жиналған қатты қалдықтар ауылдағы арнайы орынға жеткізіледі.
Экологиялық және танымдық туризмді дамыту мақсатында ұлттық парк аумағында 7 туристік маршрут құрылған. Барлық маршруттардың төлқұжаттары жасалып, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен бекітілген. Нақтырақ айтсақ, «Саты ауылы-Қайыңды көлі», «Саты ауылы-Саты асуы», «Төменгі Көлсай көлі-Сарыбұлақ асуы», «Күрметі ауылы-Ортаңғы Көлсай көлі», «Күрметі ауылы-Қыземшек тауы», «Өрікті сайы-Мәжі көлі» «Төменгі Көлсай көлі» бағыттары жаяу және атпен жүруге арналған. Маршруттар келушілерге жыл бойы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар ұлттық парк басшылығы 13 тур фирмамен келісімшартқа отырған.
Көлсайға кіру құны да қолжетімді: 1 адамға 845 теңге, жеңіл көлік — 200 тг, тур автобус — 600 тг. Мұнда алдағы уақытта автоматтандырылған төлем пункттері орналастырылатын болады.
Ұлттық паркке апаратын «Алматы-Көлсай» күре жолына 2018 жылы күрделі жөндеу жасалынған. Бүгінде Қайыңды көлінің жолы жасалып жатыр.