Журналистерге сөйлеген сөзінде дәрігер есірткі нарығы соңғы жылдары айтарлықтай өзгергенін хабарлады. Көптеген адамдар синтетикалық есірткіге тәуелді.
«Жылдан жылға біз синтетикалық есірткінің қауіпті екенін айтамыз, алайда есірткіге тәуелділер мұны ескермей, қабылдауды жалғастыруда. Есепке қойылған жасөспірімдер саны артты. Егер 2021 жылы есепте 8 кәмелетке толмаған болса, 2022 жылы — 18, ал 2023 жылдың бірінші тоқсанында — 17 жасөспірім болды», — деді Гүлмира Әбдібаева.
Наркологтар алматылықтарды жаман әдеттерден тию үшін барынша көмектесіп жатыр. Мысалы, биыл алкоголизм және нашақорлықпен ауыратын 3457 адам есепке алынды.
Дәрігер ең қауіпті синтетикалық препараттар мен олардың асқынулары туралы айтты.
«Көбінесе жастар айналасынан, сырттан жағымсыз тәжірибе алады. Адам жақсыдан гөрі жаманға тез үйренеді. Ересектерде жиі кездесетін жаман әдеттер — темекі тарту мен ішімдік ішу. Жаңа әсер алу үшін адам тыйым салынған дәрі-дәрмектерді «тек 1 рет» қабылдаймын деп ойлайды. Бірақ жаман әдеттің негізгі айласы осында жатыр. Өкінішке орай, «тек 1 рет» көру көбіне есірткіге деген құмарлыққа алып келеді және оны жеңу басқа адамдардың көмегінсіз мүмкін емес», — дейді Гүлмира Әбдібаева.